#

# Жаңалықтар

Біздің күніміздің каһарманы!

04.05.2024

Біздің күніміздің каһарманы!

 

Апат айтып келмейді. Еліміздің батыс өңіріңдегі біраз ауылды басқан топан су да апаттың бірінен болатын. Осы қызыл суға қарсы күресте теміржол мекемелері де қарап қалмады. Олардың қатарынан “Кедентранссервис” АҚ-ның Атырау аймақтық филиалы да табылды.

«2024 жылғы 4 сәуір күні таңертең су деңгейі секундына 1672 текше метрге жетіп, Доссор – Құлсары – Бейнеу жолдарын толық су басты. «ҚТЖ-ҰК» АҚ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС басшылығы бастамасымен, Атырау қосалқы бөлімі және «Кедентранссервис» АҚ Атырау аймақтық филиалы басшысы мен қызметкерлерінің  арқасында 5 жолаушы вагоны жедел түрде жасақталып, арнайы тілсіз жаудың қоршауында қалған Құлсары қаласының тұрғындарын эвакуациялауға жіберілді. Бұл вагондар сәуір айының 21-не дейін үздіксіз Құлсары – Атырау бағытында қатынап, осы уақыт ішінде барлығы 10753 адам тасымалданды. Бұдан бөлек, жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып Құлсары қаласының өзіне 9 вагон азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жөнелтілді», – деген ақпаратпен бөлісті «Кедентранссервис» АҚ Атырау аймақтық филиалының директоры Рсалиев Жолмырза Махсутұлы.

2024 жылдың 7 сәуірінен бастап Атырау қаласы аумағында төтенше жағдайдың жариялануына байланысты темір жол көлігі арқылы қала аумағына әскери адамдар мен техникалар жеткізіле бастаған. Бүгінгі күнге дейін барлығы 335 вагон: 47 жолаушы вагоны, 1 жабық вагон, 287 жайдақ вагон, 375 техника, оның 84-і әскери, сондай-ақ, 2187 адам, оның ішінде 1794 әскери адам, 393- техника жүргізушілері келіп жетті. Жеткізілген адамдар мен техниканың барлығы Атырау станциясынан түсті. Мәселен, Атырау станциясының №27 тартым жолы 84-әскери техника мен 1794 әскери адамды қабылдап алса, Атырау станциясының АҚ «Кедентрассервис» кірме жолынан 291 вагон мен 393 техника түсірілді және «ТеңізШеврОйл» ЖШС мекемесінен қалаға барлығы 18 техника келіп жетті.  

Атыраулық теміржолшылар өз қаласын тілсіз жаудан қорғау үшін сәуір айының 3-нен бастап, жағалауды бекіту жұмыстарына белсене қатысты. Жалпы ұзындығы 3,9 шақырымды құрайтын, биіктігі 8 м болатын жасанды су бөгеті салынып, бұл жұмыстарға «Кедентрансервис» АҚ мекемесінен 1 жүк тиегіш техника және «Теміржолсу» ЖШС мекемесінен 1 экскаватор тартылды. «Атырау қаласында және Жайық өзені бойындағы ауылдық округтерде су тасқынынан қорғау мақсатында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің қызметкерлеріміз бүгінгі күнге дейін еріктілер қатарында жүр. Бұл жұмыстар қарқынды түрде тәулік бойы жүргізілуде және 10 мамырға дейін жалғасатын болады.

 Миллионнан миллиардқа дейінгі сомада тонналап азық-түлік жіберіп, көмек көрсеткен барлық компания, жеке кәсіпкерлер, еріктілер, қарапайым халыққа шексіз ризамыз.  Жүк көліктерімен алыс жол жүріп, басқа қалалардан көмек әкеліп, жолдың жабық болуына байланысты вагонмен жіберуге көмек сұрап келген азаматтарға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның Атырау қосалқы бөлімімен бірлесіп  «Кедентранссервис» АҚ Атырау аймақтық филиалы ұжымы да көмек беруге бар күшін салды. Осылайша, теміржолшылар «Бірлігі мықты ел озар» деген аталы сөздің бекер емес екенін  іс жүзінде айқындай түсті», – деп түйіндеді сөзін Жолмырза Мақсотұлы.  

 

Ақпарат көзі: https://rail-news.kz/kz/persons/17381-birligi-myqty-el-ozar.html

# Біз біргеміз!