Жаңалықтар
«Кедентранссервис» АҚ Бас директоры Литва порттары мен логистикалық терминалдарда болды
«Кедентранссервис» АҚ Бас директоры Арман Сұлтанов қазақстандық делегация құрамында Литва Республикасының бірқатар ірі көліктік-логистикалық нысандарын, соның ішінде Клайпеда порты мен оның терминалдарын, Каунас еркін экономикалық аймағын (АЭА) және интермодальдық терминалын, Вильнюс интермодальдық терминалын аралады.
Іс-шараны Қазақстан-Литва Іскерлік Кеңесі, «Литва теміржолдары» АҚ, Литва ұлттық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастығы, Литва ұлттық экспедиторлар мен логистер қауымдастығы ЛИНЕКА, Литва өнеркәсіпшілер Конфедерациясы және Клайпеда мемлекеттік теңіз порты дирекциясы ұйымдастырды.
Сапар барысында «Кедентранссервис» АҚ қызметінің, сондай-ақ даму мүмкіндіктері мен перспективаларының таныстырылымы өткізілді, литвалық компаниялардың терминалдық қызметті және көлік-логистикалық орталықтарды дамыту, заманауи технологияларды қолдана отырып, инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы тәжірибесі зерделенді.
Литва Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің, Литва темір жолдарының және бірқатар көлік компанияларының басшылығымен бірлескен кездесуде контейнерлік тасымалдау мен оңтүстік-шығыс және Орталық Азиядан Еуропаға және кері транзиттің жаңа бағыттарын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды.
Атап айтқанда, жүк жөнелтушілермен және жүк алушылармен нақты келіссөздер барысында контейнерлік пойыздарды Балтық терминалдық инфрақұрылымын пайдалана отырып, транзиттік интермодальдық қатынаста олардың екіжақты жүктемесін қамтамасыз ете отырып ұйымдастыру бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан басқа, «Кедентранссервис»АҚ қойма желісі базасында жүк терминалдарын басқарудың IT жүйелерін және көлік-логистикалық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру элементтерін енгізудің практикалық мәселелері пысықталды.