#

# Жаңалықтар

Жаңа Жібек жолы: Еуроазиаттық аймақтағы сауда қызметтестігіне арналған ғаламдық платформа

29.05.2015

2015 жылдың 2 мамыры күні Астана қаласында 8-ші Астаналық экономикалық форум жұмысының аясында «Жаңа Жібек жолы» атты ІІІ Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумы болып өтті.

Бизнес форум барысында сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин ЮНКТАД сараптамалық бағалауы бойынша, Еуразиялық континентте орналасқан негізгі нарықтар арасындағы сауданың көлемі 1,5 есеге, 2014 жылдағы 800 млрд. доллардан 2020 жылдағы 1,2 трлн. долларға дейін өсетіндігін хабарлады.

«Бүгінгі күні біз өз клиенттерімізге Қытай, Еуропа, Ресей, Оңтүстік Кавказ және Парсы шығанағының кез келген нүктесінен Қазақстан арқылы тағайындаудың кез келген нүктесіне көліктік қызметтерді ұсынып отырмыз. Дәл қазіргі уақытта Иран, Түрікменстан және Қазақстан арқылы Мундра, Бандар-Аббас кемежайларынан өтетін Үндістанға/Үндістаннан тасымалдаулардың логистикалық сызбасын ұйымдастырамыз», — деді А.Мамин.

Оның сөзінше, Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк, ағындарын тарту дамыған ұлттық көліктік-логистикалық инфрақұрылымның қалыптастырылуын және оның халықаралық көліктік жүйесімен біріктірілуін талап етеді.

«Инфрақұрылымдық даму Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың „Нұрлы жол — болашаққа жол“ атты жаңа экономикалық саясатының түйіні болып табылады», — деп атап өтті өз сөзінде А.Мамин.

Қазақстан арқылы өтетін көліктік дәліздерді оңтайландырған сенімді теміржол жүйесі құрылып отыр. «Cолтүстік — Оңтүстік» дәлізінің тікелей теміржол маршруты ашылды. Ал, Ақтау кемежайының кеңейтілуі мен Құрық кемежайындағы паром кешенінің құрылысы «ТРАСЕКА» және «Солтүстік -Оңтүстік» дәліздері бойынша жүкті 25 миллион тоннаға дейінгі өткізу қабілеттілігін арттыру мүмкіндігін бермек.

Қазақстан арқылы өтетін «Rail-Аir» сызбасына қатысты мультимодальдік тасымалдаулар олардың дәстүрлі, ағындарынан жүктерді қайта бағыттаудың перспективалық логистикалық шешімдерінің бірі болып табылады.

Аталмыш жүйедегі тасымалдаулар сызбасы Қытай арқылы Қазақстанға контейнерлік пойыздардың тұрақты теміржол тораптары мен оларды біздің еліміздің әуежайларында Еуропаға әуетасымалдаулары үшін түйісуін пайдаланады.

Қазақстан өзінің автожол жүйесін белсенді дамытып, оны Еуразиялық автомобиль жолдарының жүйесіне біріктіруде. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» трансконтинентальдік автожол дәлізі жүктерді Қытайдан Еуропаға тасымалдау уақытын қысқарту мүмкіндігін бермек.

«Ежелгі Қазақстан Ұлы Жібек жолының қиылыстарында орналасқандықтан, бүгінгі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жібек жолын, сонымен бірге Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы көпір ретінде Қазақстанның тарихи рөлін жаңғырту мақсатын қойып отыр. Ұлы Жібек жолын Экономикалық белдеу сияқты дамыту жөніндегі бұл идея Қытай Халық Республикасының Президенті Си Цзиньпиннің бастамасымен ортақ», — деп атап өтті А.Мамин.

Форум жұмысының барысында сөз сөйлеген Латвия және Литва теміржол әкімшіліктерінің, DP World, ТРАСЕКА компанияларының басшылары, Ляньюньган кемежайының жетекшісі Ұлы Жібек жолын, Транскаспий халықаралық көліктік маршрутты, Азия мен Еуропа арасындағы біріктірілген контейнерлік сервисті дамыту, сонымен қатар бизнестің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы рөлі төңірегіндегі сұрақтарға басты назар аударды.